Оңтүстік Корея Қазақстанда көлік орындығы мен астық тасымалдайтын техника шығарады

0
208

Сондай-ақ, кореялық OFE компаниясы Алматыдағы «Алатау» АЭА аумағында лифтілер шығаратын зауыт салу мүмкіндігін қарастырып отыр.


Оңтүстік Корея Қазақстанда көлік орындығы мен астық тасымалдайтын техника шығарады

ERNUR.KZ. Қазақстан мен Оңтүстік Корея экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде автомобиль өнеркәсібі, медицина және металлургия саласында ынтымақтастықты дамытып келеді. Осы орайда екі елдің бизнесмендері алдағы уақытта қандай бірлескен жобаларды жүзеге асыратыны жайында деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік, деп жазады inform.kz.

Былтырдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сауда серіктестері арасында, яғни Қытай, Ресей және Италиядан кейінгі төртінші орында Оңтүстік Корея тұрақтады. Корея Қазақстан тауарларының экспортында алтыншы орында, ал импорт бағытында бесінші орында.

Екі ел әртүрлі өнеркәсіп салаларында белсенді ынтымақтастыққа ерекше назар аударып отыр. Бұл тұрғыда негізгі салалардың бірі — автомобиль өнеркәсібі.

Hyundai Motor Company және Astana Motors жобасы отандық автомобиль өнеркәсібін дамытудың стратегиялық нысаны саналады.

Қазақстан нарығында Hyundai маркасынан басқа оңтүстіккореялық KIA маркалы автокөліктер өндірісі қамтылған.

«2024 жылдың соңына дейін Алматыда автомобильдің құрамдас бөліктері саласында 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Яғни көлік орындықтары мен электронды аудио-бейне жабдықтар шығару ескерілген. 2025 жылы астық таситын техника мен басқа да жүк көліктерін, тіркемелерді шығаратын цех салу бойынша тағы бір жобаны жүзеге асыру қарастырылған», — делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ақпаратында.

Сонымен қатар, металлургия саласында технологиялық серіктес ретінде оңтүстіккореялық компанияның қатысуымен Павлодар облысының Екібастұз қаласында ферроқорытпа өндірісін іске қосу жоспарланған.

Медицина саласында 2024 жылдың соңына дейін Алматыда Samsung Medison жүзеге асырып жатқан ультрадыбыстық медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт ашу ескерілген.

Мұнымен қоса, министрлік оңтүстіккореялық Doosan компаниясымен газ және бу турбиналарын өндіру, сондай-ақ қазақстандық компанияларды оқыту орталығын құру бойынша келіссөзді жалғастырып жатыр.

Бұл өз кезегінде энергетикалық машина жасау саласының тиімді дамуына тың серпін береді.

Сондай-ақ, кореялық OFE компаниясы Алматыдағы «Алатау» АЭА аумағында лифтілер шығаратын зауыт салу мүмкіндігін қарастырып отыр.

ҚР Ұлттық банкінің деректеріне қарағанда, 2005-2023 жылдар аралығында Корея инвесторларынан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 9,6 млрд АҚШ долларына жетті.

Оның ішінде 2023 жылы — 1,2 млрд доллар, ал 2022 жылы — 1,5 млрд доллар болды.

Еске салсақ, Samsung Қазақстанда кір жуатын мәшине, теледидар шығаруы мүмкін.