Оңтүстік Кореяда бала қағып кеткен қазақстандық Павлодарда жүр – СІМ

0
905

Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып, оқиға орнынан ізін суытқан.


Оңтүстік Кореяда бала қағып кеткен қазақстандық Павлодарда жүр – СІМ

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып кеткен 20 жастағы қазақстандық Павлодарда жүр. Бұл туралы елордада өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ол Қазақстанға қашып кеткен. Яғни, ұшаққа билет алып, еліне жеткен. Қазіргі уақытта бостандықта. Павлодар қаласында тұрады. Сол жақта біздің жергілікті құқық қорғау органдары оны тауып, сөйлесті. Корея тарапынан арнайы құжаттар келіп түсті. Ол құжаттарды Сыртқы істер министрі тиісті механизм бойынша Бас прокуратураға жолдады. Енді бұл мәселе екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында шешіледі», - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапынан 1999 жылғы жігітке ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. ҚР СІМ ресми өкілі бұны қылмыстың Қазақстан аумағында жасалмағанымен түсіндірді.

«Ол үйінде. Бостандықта жүр. Тек Корея тарапының құжаты негізінде іс қарастырылады», - деді ол.

Осыдан біршама уақыт бұрын Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып, оқиға орнынан ізін суытқаны хабарланған болатын.

«ҚР СІМ Корея Республикасында орын алған оқиғаны біледі. Қазіргі уақытта бізге белгілі мәліметтерге сенсек, Қазақстан азаматы расында кішкентай баланы қағып кетіп, зардап шеккен баланы жолда қалдырып, оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлаған еді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.