Оралда рөлде отырып есірткі қолданған автобус жүргізушілері ұсталды

0
2 533

Жүргізушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша іс қозғалды.


Оралда рөлде отырып есірткі қолданған автобус жүргізушілері ұсталды

ERNUR.KZ. Жолаушылар мен қала тұрғындарының өміріне қауіп төндірген жүргізушілер енді 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.

«21 қаңтар күні Самал көшесінің бойында ГАЗ маркалы маршруттық автобус тоқтатылды. Көлік рөліндегі 42 жастағы жүргізуші есірткі қабылдағандықтан масаң күйде болған.
Сол күні сағат 15.30-да Құрманғазы көшесінің бойында тағы бір маршруттық автобус тоқтатылды. ГАЗ маркалы ол көліктің де 43 жастағы жүргізушісі есірткіге елітіп, масаң күйде отырған», - деп мәлімдеді БҚО Полиия департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда екі автобус та арнайы тұраққа жөнелтілді.

«Екі жүргізушіге де қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлімімен «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік іс қозғалып, тиісті материалдар Орал қаласының арнайыландырылған әкімшілік сотына жөнелтілді», - деді полиция өкілдері.

Айта кетерлігі, өзгелердің өміріне қауіп төндірген екі жүргізуші де 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы, сондай-ақ 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.