Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, аталған жағдайға елімізге танымал блогерлердің келуі себеп болған.
ERNUR.KZ. Желіде Оралда кофехананың ашылуында түсірілген видео пайда болды. Кадрлардан ашылу салтанатына жүздеген адамның жиналғанын көруге болады. Кеш жақсы басталғанымен соңында жиналған халық бірін-бірі таптап кете жаздады, деп жазады stan.kz.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, аталған жағдайға елімізге танымал блогерлердің келуі себеп болған. Жиналған жұрт арасында жүрген балаларға мән бермей, бірін-бірі басып кете жаздаған. Желі қолданушыларының пікірінше, блогерлер оларға тегін бірдеңе таратқан болуы мүмкін. Алайда бұл туралы нақты ақпарат жоқ.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оқиға 28 маусым күні сағат 18:00-де болған.
"Қадыр Мырза-Әлі шағынауданында танымал блогерлердің қатысуымен кофехана ашылды. Шараға Орал қаласының 200-ге жуық тұрғыны келді. Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Іс-шара барысында қылмыс болған жоқ. Сондай-ақ зардап шеккендер жоқ", – деді полиция.
Дегенмен пікір білдірушілердің көбі шараны ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейді. Өйткені олардың ойынша, төбелес кезінде адамдар зардап шегуі мүмкін еді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада "Жетісу" саябағындағы тегін таратылған раушан гүлдеріне қаумалаған адам бір-біріне кептеліп, қысылып қалғаны туралы жазған едік.