Оралдағы перзентханада лифт ішінде қаза тапқан әйел ісі: сот үкім шығарды

0
81

Лифт 1981 жылы шығарылған және пайдалану мерзімінен 25 жылға асып кеткен.


Оралдағы перзентханада лифт ішінде қаза тапқан әйел ісі: сот үкім шығарды

Сурет: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Қайғылы оқиға 2021 жылғы 31 желтоқсанда облыстық перинаталдық орталықта болған. Сол күні лифтер болып жұмыс істеген 50 жастағы әйел жүк лифті кабинасы мен шахтаның арасына қысылып, оқиға орнында көз жұмды, деп жазады zakon.kz.

Айыпталушылар орындығында сол кездегі орталық директоры Жанна Ділманова отырды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы – "Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау" бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, 31 желтоқсан күні таңғы сағат 08:00 шамасында марқұм Жұматова жұмысқа келіп, лифтер ретінде өз орнына тұрған. Кейін жертөледе жүріп, жоғарғы қабаттарға лифт шақырылғанын естіп, кабинаға кірмек болған сәтте лифт техникалық ақауға байланысты өздігінен қозғалып кеткен.

"Жұматова кабина мен шахтаның арасына қысылып қалды, ол толық кіріп те, шығып та үлгермеген. Салдарынан өлімге себеп болған жарақат алды. Сот-медициналық сараптама өлімнің себебі дененің қысылуынан болған компрессиялық асфиксия екенін анықтады", - деп мемлекеттік айыптаушының сөзін сотта жария етті.

Айта кетейік, аталған лифт 1981 жылы шығарылған және пайдалану мерзімінен 25 жылға асып кеткен. Оның тозығы жеткен, пайдалануға тыйым салынуы және ауыстырылуға тиіс еді. Айыптау тарапы апаттың орталық директоры жауапты болған тиісті техникалық қызмет көрсетілмеу салдарынан болғанын алға тартты.

Алайда Жанна Ділманованың қорғаушысы Тамара Сәрсенова бұл айыптаумен келіспеді. Оның айтуынша, лифтердің жұмысын қамтамасыз ету директордың функционалдық міндетіне кірмеген. Ділманова орталықтың жалпы басқаруымен және медициналық көмекті ұйымдастырумен айналысқан, ал оның әрекеті мен қызметкердің қаза табуы арасында себеп-салдарлық байланыс дәлелденбеген.

Қорғау тарапы бейнежазбалар мен куәгерлердің айғақтары марқұмның өз тарапынан абайсыздық болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайтынын атап өтті. Нұсқаулыққа сәйкес, лифтер кабина ішінде тұрып, қозғалысты арнайы тетік арқылы басқаруға тиіс. Ал қайғылы сәтте Жұматова кабинадан тыс тұрған, бұл жазатайым оқиғаға әкелуі мүмкін.

Сәрсенованың айтуынша, Ділманова лифтілерге сараптама жүргізбеген, тиісті өтінімдер бермеген және жабдықтың техникалық жай-күйі туралы ресми құжаттар алмаған. Лифтердің қауіпсіз пайдаланылуына техникалық қызмет көрсететін компания жауапты болған және қажет болған жағдайда ақаулы құрылғылардың жұмысын тоқтатуға тиіс еді.

Бүгін, 2025 жылғы 26 желтоқсанда, судья Айзада Жұмағұлова бұл іс бойынша үкімді жариялады. Сот Жанна Ділманованың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ деп танып, оны толық ақтады. Сондай-ақ ол қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылуына байланысты келтірілген зиянды өтеу құқығына ие болды.

Жәбірленуші тараптың материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабы сотта қараусыз қалдырылды.

Сонымен қатар судья Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы басшылығы мен полиция департаментінің атына жеке қаулы шығарды. Құжатта тергеу органдары тарапынан қылмыстық-процестік заңнаманың өрескел бұзылғаны және прокурорлық қадағалаудың тиісті деңгейде болмағаны көрсетілген.