Өрт лифт шахтасынан шыққан жоқ - Қауымдастық президенті Алматыдағы өрт туралы

0
773

Айтуынша, өрттің себебі басқа жерде жатыр.


Өрт лифт шахтасынан шыққан жоқ - Қауымдастық президенті Алматыдағы өрт туралы

ERNUR.KZ. Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев «Ақкент» шағынауданындағы 16 қабатты үйдегі өрт лифт шахтасындағы кабельдердің тұтануы салдарынан шыққан деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кеше БАҚ-та «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрт лифт шахтасындағы кабельдің қысқа тұйықталуынан шықты деген ақпарат тарады. Бүгін біз Қазақстан лифтшілерінің ұлттық қауымдастығы ретінде оқиға орнына келдік. Анықталғандай, лифт шахтасы өрт ошағы емес, лифт жабдықтары қалыпты жұмыс істеп тұр», - дейді Ержан Игібаев.

Айтуынша, өрттің себебі басқа жерде жатыр. Бұл - аспаптық қорапта орналасқан негізгі электр кабеліндегі қысқа тұйықталу.

«Сондықтан мәселе лифт жабдықтарының өзінде деп айту қате. Бұл - алдын ала болжам. Біз әзірге ештеңе айта алмаймыз, өйткені белгілі бір сараптамалар жүргізілуі керек. Осыдан кейін оның нақты себебі белгілі болады. Бірақ лифт шахтасы мен лифтілердің бұл оқиғаға еш қатысы жоқ деп айта аламын», - деді ол.

Спикер бүкіл үйлерде кабиналық лифтілер отқа төзімді болуы керек деп есептейді.

Ол маман ретінде құрылыс салушыларға жаңа үйлердің құрылысында отқа төзімді есіктерді пайдалануды ұсынады.

Оның айтуынша, бұл нормаларды құрылыс компаниялары сақтай бермейді.

Ержан Игібаев Алматыдағы тұрғын үйлердегі лифтілердің 70 пайызы өрт қауіпсіздігі шараларына сай келмейтінін айтты.

Ол көп үйлерде отқа төзімді емес, қарапайым есік орнатылғанын айтты.