Пандемияға қарамастан, екі ел арасындағы сауда айналымы төмендемеген.
ERNUR.KZ. Биыл коронавирустық пандемия салдарынан мемлекеттер шекарасын жауып, өзге елдермен сауда-саттық көлемін азайтқанымен, қазақ-өзбек қатынасында айтарлықтай өзгеріс болмады. Қаңтар-қазан аралығында Қазақстанның Өзбекстанға шығарған экспорт көлемі $1,6 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда небәрі 0,2 пайыз төмендеген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Біздің ел көрші мемлекетке негізінен бидай мен шикі мұнай экспорттайды. Сондай-ақ, автомобиль, металдан жасалған жартылай дайын өнімдер және ұн сатамыз.
Өзбекстан тарапынынан төмендегі тауарларға биыл сұраныс артқан:
- бидай – 54,9%-ға немесе $165,4 млн-ға;
- шикі мұнай – 72,2 млн-ға;
- жеңіл автомобильдер – $63,4 млн-ға;
- қоспа болаттан жасалған ыстықтай тапталған жазық илек – 47,8 %-ға немесе $18,7 млн-ға;
- лигнит (қоңыр көмір) – $18,7 млн-ға өскен.
Ал Қазақстанның Өзбекстаннан тауар тасымалы (импорт) 2020 жылдың қаңтар-қазан айларында $637,8 млн-ды құрады. Біздің ел көрші мемлекеттен табиғи газ бен жеміс-жидек түрлері және жеңіл автокөліктерді молынан сатып алады екен.
Импорт көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңінен салыстырғанда, 42,2 %-ға ($1 103,9 млн.) азайған.
Көрші ел өндіретін тауарлардың басым бөлігінен бас тартқанымызға қарамастан, мына тауар түрлері бойынша сұраныс артқанын атап өту керек:
- жеңіл автомобильдер – $73,8 млн-ға;
- қауын, қарбыз және папайя – $11,7 млн-ға;
- қызанақ – $9 млн-ға;
- шыны ыдыс – $8,2 млн-ға;
- спирт сатып алу $7,7 млн-ға артқан.