Осы санаттағы қылмыстар үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босату болмайды. Осылайша, параны алатындар ғана емес, беретіндер де қатаң жазаланады.
ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пара бергені және делдалдық жасағаны үшін салынатын айыппұлдың көлемі қаншаға өскенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Мысалы, жай пара, 50 айлық есептік көрсеткішке, яғни, 145 000 мың теңгеге дейін пара беретіндер енді 10 еселенген емес, 20 еселенген айыппұлды төлейді. Егер адам 100 мың теңгенің парасын бергені үшін сотталса, минималды айыппұлдың көлемі 2 миллион теңге болады. Бұрын оның көлемі 1 миллион теңге еді", - деді Бектенов онлайн брифингте.
Оның айтуынша, пара бергенде делдалдық жасайтындарға салынатын айыппұл да көтерілді. Осы орайда агенттік басшысының орынбасары ірі көлемде пара беру мен делдалдық үшін жазаның күшейтілгенін де ерекше атап өтті.
"Лауазымды тұлғаларды параға сатып алумен немесе заңсыз сыйақыны беру кезінде делдалықпен айналысатындар қатаң жазаға тартылуы қажет. Осыған орай, Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұрын айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін ары кетсе, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сосын орташа деңгейдегі қылмысқа жатқызылатын. Ал жаңа редакцияға сәйкес, жаза 7 жылға дейін ұзартылып отыр. Сондай-ақ, ол ауыр қылмыс болып саналады", - дейді Бектенов.
Бұдан бөлек, осы санаттағы қылмыстар үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босату болмайды. Осылайша, параны алатындар ғана емес, беретіндер де қатаң жазаланады.