Парламентке 5 жаңа конституциялық заң жобасы енгізіледі – Тоқаев

0
152


Парламентке 5 жаңа конституциялық заң жобасы енгізіледі – Тоқаев

Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты бес конституциялық заң жобасы ұсынылатын мәлімдеді. Ал жаңа институттар халық билігінің озық үлгісін қалыптастыруға негіз болады дейді ол, деп жазады Stan.kz.

Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барысында құқықтық мемлекет құру қазақ халқының тарихи мұраты екенін атап өтіп, алдағы реформалар аясында Парламентке бірқатар конституциялық заң жобалары енгізілетінін мәлімдеді.

"Сонымен еліміздің алдында өте биік және күрделі мақсаттар тұр. Біз табанды еңбектің арқасында оның бәрін орындауымыз керек, бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң ұсынылады. Құрылтай, Халық кеңесі институттары арқылы халық билігінің озық үлгісі қалыптасады. Біз тарихи тағдырымызда ерекше орын алған Ордабасы құрылтайының 300 жылдығында жаңа Конституциямызға сай Құрылтайды қайта жаңғыртатын болдық. Мұның да символдық мәні бар. Сонымен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет болады. Осының бәрі болашағымызға күшті ықпал етері анық", – деді президент.

Президент Қазақстан халқы референдумда елдің жарқын болашағы үшін маңызды таңдау жасағанын атап өтті.

"Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды", – деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, бұл құжат мемлекет дамуының темірқазығына айналып, ұлттық мақсат-мұраттарды айқындайды. Халықаралық сарапшылар да Қазақстанның конституциялық реформасына жоғары баға берген. Тоқаев референдумға қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, бұл науқан халықтың отаншылдық рухын көрсетті. Әсіресе Түркістан облысының тұрғындары ерекше белсенділік танытқан. Өңірде дауыс бергендердің 92,21 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған.

Президент жаңа Ата заңның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету екенін айтты.

"Өздеріңізге мәлім, мен осы аптаның басында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Бас құжаттың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді 1 шілдеден бастап Конституция өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін біз бәріміз біртұтас халық болып референдум өткізілген күні, яғни, 15 наурызда жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз, тойлаймыз. Жалпыхалықтық референдумда жастарымыздың белсенділігі, жаңашылдығы және жауапкершілігі айқын көрінді. Олар Отанына адал, ойы озық, жасампаз азаматтар ретінде өздерінің жарқын келешегіне қатысты таңдауын жасады. Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді", – деді мемлекет басшысы.

Президент жаңа Конституцияны қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесінің жалғасы ретінде бағалады. Соның ішінде Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Әз Тәукенің Жеті жарғысы тарихи негіздердің қазіргі заманға сай жаңғырған үлгісі ретінде сипатталады деп түсіндірді.

Тоқаевтың сөзінше, жаңа Конституцияда Тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп қағидатын нығайту, білім, ғылым және инновацияны дамыту, табиғатты қорғау, еңбекқорлықты дәріптеу сияқты стратегиялық міндеттер айқындалған.

Сонымен қатар алғаш рет ұлттық валюта мемлекеттік нышандар қатарына енгізілді және волонтерлік қызметке конституциялық мәртебе берілді.