Павлодар облысында әдептен озған әкім орынбасары жұмыстан қуылды

0
841

Өңірде бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 64 жемқорлық қылмысы тіркелген.


Павлодар облысында әдептен озған әкім орынбасары жұмыстан қуылды

ERNUR.KZ. Павлодар облысында әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қызметкерлерімен бірге ішімдік ішкен Успен ауданы әкімінің орынбасары Жасыұзақ Есіркепов жұмыстан босатылды, деп жазады sputniknews.kz.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Айдар Тастеміров "Ертіс - Адалдық алаңы" жобасы аясында 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстың қорытындысы туралы баяндады.

Тастеміров мемлекеттік қызметшілер мен түрлі деңгейдегі басшылардың әдепке жатпайтын әрекеттеріне халықтың шағымданғанын айтты. Ол мемлекеттік сатып алу аясында екі қабаттық қызметтік пәтер мен қымбат эбен ағашынан жасалған жиһаз сатып алу қоғамның ашуын тудырғанын атап өтіп, өрескел тәртіп бұзған шенеуніктердің әрекеттерін мысалға келтірді.

"Әдеп бойынша кеңес отырысында Успен ауданы әкімінің орынбасарын мемлекеттік қызметтен босату жөнінде ұсыныс айтылды. Ол өзіне бағынышты қызметкерлермен бірге ішімдік ішкен. Сондай-ақ жақында Аққулы ауданындағы шешеунік қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, өз кабинетінде жергілікті тұрғынды соққыға жыққаны туралы шағым түсті. Мемлекеттік қызметшілер мен басқа адамдар бұған куә болыпты", - деді департамент директоры.

Бүгін Успен ауданы әкімінің орынбасары Жасыұзақ Есіркепов қызметтік этиканы бұзғаны үшін қызметінен босатылды. Ол бұл қызметке 2018 жылдың 10 шілдесінде тағайындалған еді. Шаруашылық кәсіпорнындағы және мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі - 30 жыл.

Сөз соңында Айдар Тастеміров 2019 жылдың бірінші жартысында облыста 64 жемқорлық қылмысы тіркелгенін айтты. Олар жер қатынастары, білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, құқық қорғау, әлеуметтік қызмет көрсету және салық салаларында болған. Өңірде сегіз басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.