2018 жылы туған қыз ойнап жүріп, ойыншығы машинаның барабанына түсіп кеткен.
ERNUR.KZ. Павлодар облысында бес жасар қыз кір жуғыш машинаға кіріп, кептеліп қалған. Оны шығарып алу үшін құтқарушылар кір жуғыш машинаны ашуға мәжбүр болды, деп жазады tengrinews.kz.
Оқиға Павлодар облысы Тереңкөл ауылында болған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, сәбидің аяғы жартылай автомат кір жуғыш машинаның барабанына кептеліп қалған. Оқиға кезінде қыз үйде анасымен бірге болған.
"2018 жылы туған қыз ойнап жүріп, ойыншығы машинаның барабанына түсіп кеткен, оны алу үшін қыз машинаның ішіне түскен. Кейін кептеліп, бала шыға алмай қалады. Ата-анасы да шығара алмай, құтқарушыларға жүгінді", - деді Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнына №8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жеткен.
"Арнайы құралдар көмегімен баланы шығарып алдық. Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.