Павлодар облысында туысын өлтірген көпбалалы ана қамаудан босатылды

0
954

​Туысын өлтіргені үшін сегіз жылға сотталған әйелдің жазасы жеңілдетіліп, үкімді орындау мерзімі кейінге қалдырылды.


Павлодар облысында туысын өлтірген көпбалалы ана қамаудан босатылды

ERNUR.KZ. Павлодар облыстық сотының апелляциялық алқасы сотталушының жазасын жеңілдетіп, оны орындауды кейінге қалдырды, деп жазады sputniknews.kz.

Қамаудан босатылды

Павлодар облысының Павлодар ауданындағы Жаңа-Қала ауылының көпбалалы тұрғыны 8 жылға сотталған болатын. Заң бойынша, жеңілдететін ерекше мән-жайлар болған жағдайда, сот жеңіл жаза тағайындай алады.

Отырысқа қатысқан зардап шеккен тарап, марқұмның анасы сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза кесуді сұрады. Жаңа-Қала ауылының тұрғындары да сотқа осындай өтініш білдірді. Сонымен бірге олар жәбірленушіге жаман мінздеме берілгенін және оның бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескеруді өтінді.

Сот алқасы сотталушының алты кішкентай баласы бар екенін (ең кішісі – үш айлық), тергеуге көмектескенін, оң мінездеме берілгенін, сондай-ақ жәбірленуші заңға қайшы әрекет еткенін ерекше жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Осыған байланысты жаза бес жылға бас бостандығынан айыруға дейін қысқартылып, жазаның орындалуы бес жылға шегерілді. Сотталушы қамаудан босатылды.

Еске сала кетейік, сотталушы 2020 жылдың қыркүйегінде күйеуінің бауырын пышақтап өлтірді. Тергеу барысында әйелдің ас үйде болғаны, ал туысы оны балағаттап, жағынан тартып жібергені анықталды. Жауап ретінде әйел оның жүрегіне пышақ сұғып алған. Оқиға Павлодар облысының Жаңақала ауылында болды.

Полиция бөліміне жеткізілген әйелді тексеру кезінде орташа мас екені анықталды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, одан дене жарақаты табылмаған.

Әйел осы жылдың ақпан айында сегіз жылға сотталып, сот залында қамауға алынған болатын.