Олардың жазаны өтеу мерзімі айтарлықтай қысқарды.
Фото: PIXABAY.COM
ERNUR.KZ. Павлодарда амнистия бойынша екі адам бостандыққа шықты. Биыл ел Конституциясының 30 жылдығына орай сотталған азаматтарға кезекті рет рақымшылық жасалды. Осыдан бір ай бұрын тиісті заң қабылданған болатын, деп жазады inbusiness.kz.
Соған сәйкес, аса ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға амнистия жарияланды. Бұл өз кезегінде 15 мың адамның жазасын жеңілдетеді. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасағандарды, орташа ауыр қылмысқа барған азаматтар залал келтірмесе немесе толық өтесе және залалдың бар-жоғына қарамастан орташа ауыр қылмыстар бойынша сотталған әлеуметтік тұрғыдан осал топ санатындағы адамдарды жазадан босату қарастырылған. Сонымен қатар, заң күшіне енгенге дейін жасалған ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қозғалған істер бойынша сот шешімі әзірше шықпаса, оларды тоқтату ұсынылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар үшін жаза мерзімі қысқартылады. Сол сияқты алаяқтық немесе ірі сомаларды иемдену бойынша істі болған азаматтар келтірілген залалды толық өтесе, жаза мерзімі бестен бір бөлікке азаяды.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұған дейін атап өткендей, амнистия аясында жалпы 15 мың адам қамтылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, яғни барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Қалған 11 мың адамға жаза мерзімін дифференциалды қысқарту шарасы қолданылады. Заң жобасы 833 әйелге де қатысты болмақ. Олардың ішінде 109-ы босатылып, 724-іне жаза мерзімі қысқартылады.
Атап өтерлігі, аса қауіпті қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар, зорлық-зомбылық, денсаулыққа зиян келтіру, мемлекеттік құпияны жария ету сияқты қылмыстар бойынша кінәлі деп танылған азаматтарға амнистия жасалмайды.
Рақымшылық жасау арқылы мемлекеттік шығын жылына 5 млрд теңгеге азаяды деп те күтіліп отыр. Үнемделген бұл қомақты сома қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталған азаматтарды жағдайларын жақсартуып, халықаралық құқықтық стандарттарды енгізуге мүмкіндік бермек.
Конституцияның 30 жылдығы аясында қабылданған амнистияға Павлодар облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар да ілікті. Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпаратына сүйенсек, жабық мекемелердегі 507 сотталушыға рақымшылық жасалмақ. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ санаттарына жататын 12 адам бар.
"Амнистия аясында 50 сотталушының бостандыққа шығуы, жазасын өтеп жатқан 457 адамның жаза мерзімінің қысқаруы қарастырылған. Сонымен қатар, пробация қызметінде есепте тұрған 554 сотталушы аталмыш заң аясында қамтылады. Олардың ішінде 57 адам – осал топ өкілдері. Пробацияда тұрған 206 сотталушы босатылып, 348 адамның мерзімі айтарлықтай азаяды", – делінген хабарламада.
Осы уақытқа дейін облыстағы №46 түзету мекемесінен екі азамат бостандыққа шықты. Олардың бірі – 1984 жылы туған азамат Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотталған еді. Яғни, ұрлық жасап, бір жыл 7 айға темір тордың ар жағына тоғытылған еді. Түзету мекемесінде 7 ай 2 күн уақытын өткізіп, амнистия аясында бостандыққа шықты. Сөйтіп, 11 ай, 27 күн өтеуі тиіс болған мерзімін еркіндікте өткізетін болды. Жабық мекемеден шыққан бойда бірден Екібастұз қаласына, жақындарының ортасына оралды.
Тағы бір сотталушы тонаушылық жасағаны үшін жаза арқалаған болатын. Сот оны 1 жыл 11 ай 21 күнге бас бостандығынан айырды. Соған сәйкес, келесі жылдың 3 сәуірінде бостандыққа шығуы тиіс еді. Бірақ рақымшылыққа ілігіп, 1 жыл екі айдан соң босады. Яғни, 9 ай 9 күн мерзіміне жеңілдік берілді. Ол облыс орталығындағы қиын жағдайға тап болған азаматтарды оңалту орталығына орналастырылды. Мұнда оған өмірге қайта бейімделуге барлық жағдай жасалады.
"Біз жазасын өтеу орындарынан келген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Алдымен психологиялық көмек қарастырылады. Олардың өмірге қайта оралуына мән беріледі. Сонымен қатар, құжаттарды ресімдеу, бірреттік төлем алу, жұмысқа орналасу сынды жағдайларын жасауға тырысамыз. Егер сотталып келген азамат біздің облыстың тумасы болса, орталықта ұзақ уақыт орналасуына мүмкіндік бар. Өзге өңірдің азаматы болса, бір ай уақыт аралығында демеу көрсетеміз", – дейді орталықтың маманы Татьяна Тағамбаева.
Бұл ретте түзету мекемесінен келген азаматтардың бірден жұмысқа орналасуы қиын екенін атап өтті. Кейбірі жақсы маман болғандықтан бұрынғы қызмет орнына қайтып оралып жатса, енді біріне айлығы аз жұмысты атқаруға тура келетін көрінеді. Соған қарамастан, тұрақты табыс пайда болып, құжаттарды ретке келтірген соң орталықтан кетіп, пәтер не бөлме жалдап, өмірден орын табуға тырысатын көрінеді.
Ал өзге сотталушылардың жазасын жеңілдету, бостандыққа шығару мәселесі әзірше қарастырылып жатыр.