Баланың анасы полицияға арызданғаннан кейін ер адам ұсталды. Ол он тәулікке қамауға алынуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Павлодарда кәмелетке толмаған қыздың ұрланғаны туралы ақпарат жалған болып шықты, деп жазады sputniknews.kz.
24 мамыр 14:07-де полицияға Лермонтов көшесінде белгісіз ер адам кәмелетке толмаған қызды Honda автокөлігіне күштеп отырғызбақ болды деген хабар түсті.
Тез арада "Құрықтау" жоспары жарияланды.
"Жүргізілген шаралар нәтижесінде автокөліктің орны анықталды, жүргізуші ұсталды. Ол 35 жастағы павлодарлық. Ер адамның айтуынша, ол Лермонтов көшесімен келе жатып, бір қызды көрген, оны өзінің танысы деп ойлап, айғайлап шақырған. Қыз бұрылғанда, жаңылысқанын түсіп, әрі қарай жүріп кеткен. Қызды ұрлау ойында да болмаған", - деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Бұған дейін әлеуметтік желіде куәгерлер ер адам қызды көлікке күштеп мінгізбек болғаны туралы жазды. 16 жастағы бойжеткеннің айтуынша, көліктегі ер адам оны бөксесінен ұрып жіберген. Алайда ұсталған ер адам мұны жоққа шығарып отыр.
Ол кәмелетке толмаған қыз бен оның анасынан кешірім сұрады. Мәселе шешілгендіктен, қыздың анасы арыз жазудан бас тартты.
Десе де бұл факті бойынша ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабымен әкімшілік өндіріс қозғалды. Ол бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген.
Материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.