Павлодарда канадалық азамат тоналды

0
237


Павлодарда канадалық азамат тоналды

ERNUR.KZ. Канаданың Торонто қаласынан келген шетелдік азамат павлодарлық полицейлерге шынайы алғысын білдірді. Тәртіп сақшылары қысқа мерзім ішінде оның жеке заттарының ұрлану фактісін ашып, қонақ үшін ең құнды зат – шетелдік төлқұжатын тауып берді, деп жазады Zakon.kz.


Полиция мәліметінше, Лю Фенга есімді саяхатшы Қазақстанның тарихи орындары бойынша сапар бағытын алдын ала мұқият жоспарлаған. Ол Абай облысынан Астанаға бет алған, ал Павлодар қаласында көлік ауыстыру үшін аялдаған.

"Рейсін күтіп жүрген кезде шетелдік автовокзал маңындағы орындыққа отырып, ұйықтап кеткен. Оянған кезде ер адам жол сөмкесінен ақшасының және турист үшін ең маңызды құжат – шетелдік төлқұжатының жоғалып кеткенін байқайды. Құжатсыз оның Канадаға оралуы үлкен қиындыққа айналушы еді", делінген Павлодар қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.



"Мен бірден "102" нөміріне хабарластым. Маған міндетті түрде көмектесетіндеріне сенімді болдым. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Мен болған жағдайды баяндадым. Барлығы менің мәселеме түсіністікпен қарап, біреулері су ұсынып, сабырға шақырды және жоғалған заттардың табылатынына сендірді", — дейді шетелдік саяхатшы.

Тәртіп сақшылары барлық жағдайды мұқият зерделеп, екі күдіктінің ізіне түсті. Олар дереу ұсталып, ұрланған ақша мен төлқұжат толығымен иесіне қайтарылды.