Павлодарда көбейіп жатқан тышқандар токсоплазмоз ауруын жұқтырған болуы мүмкін — ғалым

0
188

Павлодар облысында үй тышқандарының шамадан тыс көбейіп жатқанына қоректің мол болуы әсер етуі мүмкін.


Павлодарда көбейіп жатқан тышқандар токсоплазмоз ауруын жұқтырған болуы мүмкін — ғалым

Фото: Валерий Бугаев

ERNUR.KZ. Ертіс-Баян өңіріндегі елді мекендерде үй тышқандарының қаптап кетуі биологиялық тұрғыдан алғанда қалыпты құбылыс. Биыл жердің ылғалды болуына байланысты қорек көбейіп, соның әсерінен тышқандардың көбею үдерісі жүруі ықтимал, деп жазады inform.kz.

Павлодар облысында үй тышқандарының шамадан тыс көбейіп жатқанына қоректің мол болуы әсер етуі мүмкін. Жаз ылғалды өткеніне орай кеміргіш жануарлар тауып жейтін азық та аста-төк болды. Мұндай кезеңде тышқандардың көбею үдерісі жүреді.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметовтың айтуынша, тышқандардың көбею үдерісіне жануарлардың бойындағы күйзеліс немесе токсоплазмоз ауруы себеп болуы да мүмкін. Қолайлы жағдай туындаса, олар жылына бірнеше рет балалай береді. Дейтұрғанмен тышқандардың түрі өте көп. Қазіргі уақытта көбейіп жатқан түрін ғылыми тұрғыдан анықтап, зерттеу жүргізсе артық болмас еді.

— Негізі тышқандар өсімдіктердің дәнімен, қалдық азық-түлікпен қоректенетіні мәлім. Қорек шамадан тыс көбейген жылдары (10-12 жылда қайталануы ғажап емес) олардың популяциясы өсіп кетеді. Саны көбейген сайын олар жаңа мекендер мен тұрақтарды іздейді. Бір жерде шоғырланып отыра берсе, тауып жейтін азықтарына бәсекелестері көбейе түседі деген сөз. Осыдан бойларында күйзеліс туындайды. Екінші себеп, олардың арасында токсоплазмоз ауруы тарап кеткен болуы ықтимал. Токсоплазмоз — адам мен жануардың организмінде (токсоплазма арқылы) пайда болатын өте қауіпті паразиттік жұқпалы ауру. Бұл дертпен адамнан басқа үй жануарлары және жабайы сүтқоректілердің көптеген түрі ауырады. Атап айтқанда, мысықтар, қояндар, жыртқыш аңдар, тышқандар, құстар, егеуқұйрықтар және т. б. Ол адамға да жұғады. Жалпы мен паразитология саласын терең зерттеп жүрген адаммын. Протопаразиттер деген топ бар, олар — өте ұсақ, біржасушалы болып келеді. Ол жануарларда, соның ішінде кеміргіштерде жиі кездеседі, — дейді ол.

Ғалымның түсіндіруінше, токсоплазмоз ауруын тышқандардың өз ортасы таратады. Ал оны сау тышқанға мысық жұқтырады. Кейде мысықтардың кеміргіш жануарды ұстап алып, тісімен жарақаттап жібере салатын әдетін көбіміз байқаған болармыз. Сондай сәтте тышқанға жұғады. Кейін инфекция нәжіс немесе бірге пайдаланатын су көзі арқылы өзге кеміргіштерге жұғуы мүмкін.

— Тышқанның адамнан қорықпай, аулада немесе үй ішінде асыр салып жүруінің негізгі себебі — токсоплазмоз ауруы. Себебі мұндай ауруға шалдыққан жануарда өжеттік пайда болады, бұрынғыдай інінде көп жатқысы келмейді. Бірақ шамадан тыс мұндай өжеттік тышқандардың өз бетімен мысыққа барып жем болуына соқтырады. Бұл да табиғаттың жануарларды сұрыптау ерекшеліктерінің бірі, — дейді Қанат Ахметов.

Жоғарыда айтқандай, токсоплазмоз адамдар үшін де қауіпті. Әсіресе, балалар шалдығуы мүмкін. Оны жұқтырған балалардың ойлау қабілеті төмендеп, дамуы тежеледі. Ауру жүйкесіне әсер ететіндіктен мұндай балалардың бойында да өжеттік пайда болуы мүмкін екен.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының елді мекендерін тышқан басып барады.