Жанұшырған ана жедел жәрдемге хабарласады, алайда телефон тұтқасын ешкім көтермеген.
фото: Айдана Дайырова
ERNUR.KZ. Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылында атпен шапқандар үш жасар баланы таптап кетті. Кінәлілердің жазаланғанын талап еткен ата-ана әділдік іздеп жүр, деп жазады sputnik.kz.
Балабақшадан келген Сүлеймен көшеде аттың ауыр тұяғының астында қалған. Оқиға 5 маусымда болған.
"Сол күні сағат күндізгі үш шамасында атқа мінген үш адамның ауыл көшесімен ары-бері шауып жүргенін тұрғындар көрген. Ал менің баламды кешкі сағат 18:30 шамасында таптап кетті", – дейді бүлдіршіннің анасы Салтанат Ибраева.
Тұрғындардың айтуынша, аттылар бір-бірімен жарысып жүрген.
"Олар жарысқан. Мінгені тұлпар аттар. Бұл аттар кімдікі, ол адамдар кім – білмеймін. Менің қолымда 1,5 жастағы балам болған. Жүгіріп шығып, жерде жатқан баламды көтерейін десем шамам жетпеді. Даусымды ести салып, абысыным жүгіріп шықты. Баланың басын көтеріп еді, басынан қан бұрқ ете қалды, бала қорылдап кетті. Бәрі көз алдымда болды", – дейді анасы.
Жанұшырған ана жедел жәрдемге хабарласады, алайда телефон тұтқасын ешкім көтермеген.
"Салтанат, жүгір, көлікті жүргіз!" деп абысыным айқайлады. Аяқ-қолым дірілдеп, көлікті жүргізе алмадым. Абысыным жалма-жан жолдан өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, баланы ауруханаға алып бардық. Олар система салып, 20 минутта қалалық ауруханаға жеткізді", - дейді Салтанат Ибраева.
Балаға бірден ота жасалған, ота 3 сағатқа созылады.
"Баланың бауырын езіп жіберген, соны тікті. Іштен қан көп кеткен. Ертесіне қолы сынды деп ота жасады. Сол кезде балам комаға түсті. Басындағы ұсақ қан тамырлары жарылып кеткен, жұлыны не болғанын білмейміз дейді дәрігерлер", - деп атап өтті зардап шеккен баланың анасы.
Салтанат Ибраеваның айтуынша, асқазан асты органдары да зақымданған, өті аман ба, ол да белгісіз.
Баланы таптап өткен ат иесі тоқтамай кеткен, кейін "баланы таптап кеттің" деген соң ғана кері оралып, "білмей қалдым" деген.
"Қылмыстық іс қозғалды дейді, бірақ ол адам үйінде жүр. Ең болмаса келіп кешірім де сұрамады. Ал менің балам хәл үстінде жатыр. Атпен шапқандар – үлкен адамдар. Менің баламды таптап өткен адам жазалансын", – дейді Салтанат Ибраева.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
"Талапкер ауылында 2022 жылы туған баланы жылқы таптап кеткен. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бала емдеу мекемесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – дейді Ақмола облыстық полиция департаменті.


