2025 жылғы 25 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім жарияланған болатын.
Журналистер Перизат Қайраттан тәркіленген көліктердің сатылғанын немесе мемлекеттік органдарға тегін берілгенін сұрады.
Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, мұндай көліктер кей жағдайда мемлекеттік органдарға тегін беріледі.
"Олар бұл көліктерді тегін алады. Бұл – бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған шара. Яғни мемлекеттік органдар жаңа көлік сатып алғанша, тәркіленген мүлікті пайдаланған тиімді. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес мұндай мәртебе құқық қорғау және мемлекеттік органдарға берілген. Сонымен қатар, егер бұл көліктерге ешкім қызығушылық танытпаса, олар мемлекеттік органдарға беріледі", – деді ол.
Еске салсақ, 2025 жылғы 25 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім жарияланған болатын.
Сот Перизат Қайратты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал анасы Ғайни Алашбаева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол сот залында бірден қамауға алынды.
Сол жылдың 5 қыркүйегінде Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктің тағдыры туралы түсініктеме берген еді. Ведомствоның мәліметінше, ұрланған қаражатқа сатып алынған мүлік аукцион арқылы сатылуы тиіс болған.
Сот үкіміне сәйкес Перизат Қайраттан мынадай автокөліктер тәркіленген: Mercedes-Benz S450 (2024 жылғы шығарылым); Lexus LX 600 (2024 жылғы шығарылым); Mercedes-Benz EQE 500 4Matic (2023 жылғы шығарылым); Haval H6 GT (2024 жылғы шығарылым).


