Петропавл мектебіндегі шабуыл: зардап шеккен оқушылардың жағдайы айтылды

0
667

13 ақпанда Петропавл мектебінде балта және пышақпен қаруланған 9-сынып оқушысы 3 баланы жарақаттады.


Петропавл мектебіндегі шабуыл: зардап шеккен оқушылардың жағдайы айтылды

ERNUR.KZ. Петропавл мектебінде қарулы шабуылға ұшыраған оқушылар ауруханадан шықты, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

Үкімет отырысында премьер-Министр Әлихан Смайылов әкімнен: «Жақында оқушыларға жасалған шабуылдан кейін мектептердің қауіпсіздігін күшейту үшін қандай шаралар қабылдадыңыздар?» - деп сұрады.

«Біріншіден, балалардың жағдайы туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіз. Бүгінгі күні олардың барлығы ауруханадан шығарылды. Жағдайлары орташа. Дәрігерлік консультациялық комиссия үйде күтуді ұсынды. Мәселе тұрақты бақылауда», - деп жауап берді облыс басшысы.

Аймақ басшысының сөзінше, облыста 630 білім нысаны, оның ішінде 465 мектеп бар. Мектептерде 75 мың бала білім алады.

«Ұйымдар бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Петропавл қаласында Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына талап етілген барлық 79 нысан қосылған. Аудан орталықтарында да камералар полиция бөліміне шығарылған. Дабыл түймелері 178 нысанда орнатылған. Сонымен қатар дабыл түймелерін қосымша орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп есеп берді ол.

Еске салайық, 13 ақпанда Петропавл мектебінде балта және пышақпен қаруланған 9-сынып оқушысы 3 баланы жарақаттады.

Белгілі болғандай, жасөспірімнің психикалық дерті барына қарамастан Алматы қаласының Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген. Балаларды жарақаттаған оқушы 2 айға қамауға алынды.

Осы оқиғадан кейін Үкімет басшысы Әлизан Смайылов жауапты министрліктерге оқу орындарында тексеріс жүргізуді тапсырды.