Петропавлда ер адам қызымен бірге үйінде тірідей жанып кетті

0
333

​Таңғы алтыда матрас пен көрпе жанып, үй иелері оны өздері сөндірген. Кейін төсек-орынды толығымен сөндірдік деп ойлап, оны үйдің кіреберісіне кіргізген. Болжам бойынша өрт содан шықты.


Петропавлда ер адам қызымен бірге үйінде тірідей жанып кетті

ERNUR.KZ. Петропавлда жер үйде өрт шығып, 77 жастағы қария мен оның 36 жастағы қызы көз жұмды. Екі жасөспірім үйден шығып үлгерді. Бұл туралы қаланың ТЖ басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әзімхан Мерғасымов мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

Оның айтуынша, ТЖ Жұмысшы кентінде Фурманов 73/1 көшесіндегі үйде болды.

"Газ-түтіннен қорғау қызметі үйден 1944 жылғы ер адамның, ал екі минуттан соң оның 1985 жылғы қызының мәйітін тапты. Анықталғандай, ТЖ кезінде әйелдің балалары да үйде болған – 2006 жылғы ұл және 2007 жылғы қыз. Олар құтқарушылар келгенге дейін үйден өз бетінше шығып үлгерген. Қазір балалар әжесінің қолында", - деді Мерғасымов.

Қаза болған зейнеткер өздігінен қозғала алмайтын мүгедек екені анықталды. Төсегінде отырып, темекі тарта берген.

"Болжам бойынша таңғы сағат алтыда үй иелері жанған матрас пен көрпені өздері сөндірген. Төсек-орынды сөндірдік деп ойлап, оны үйдің кіреберісіне кіргізіп қойған. Алдын ала болжам бойынша өрт сол жерден шықты. Айтпақшы, алты жыл бұрын дәл осы үйдің шатыры өртенген болатын", - деді Мерғасымов.

Айта кетсек, өртенген үй екі пәтерлі, тілсіз жаудан көрші пәтердің шатыры, кіреберісі мен қора-жайлары жанып кетті. Бұл пәтерде алты адам тұрады. Ешкім зардап шеккен жоқ, бірақ пәтерде әзірге тұруға болмайды.

Жыл басынан бері Петропавлда 109 өрт тіркелді, 11 адам мерт болды, 19 адам зардап шекті.