Көз жұмған полицей 32 жаста болған. Екі кішкентай баласы бар ерлі-зайыпты күйеуінің ата-анасымен бірге тұрған.
ERNUR.KZ. Петропавлда полицей болып жұмыс істеген күйеуін өлтірген әйел сотталды. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады sputnik.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық істі сот төрағасы Сергей Викторенко қарады. Сотталушының, сондай-ақ өлтірілген азаматтың туыстарының өтініші бойынша және "процесске қатысушылардың жеке өмірі туралы мәліметтердің жариялануына жол бермеу мақсатында" сот жабық өтті.
Сотта анықталғандай, 31 жастағы сотталушы 2022 жылдың 25 мамырында сағат 02:30 шамасында жанжал кезінде оның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. Жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болды.
Сотталушының кінәсі куәлардың жауаптарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және сараптама қорытындыларымен анықталды.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде сегіз жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Прокурор сотталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы тарап санкцияда көзделген шектен төмен жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші жаза мөлшері туралы шешімді соттың қарауына қалдырды.
"Сот сотталушының жасаған әрекетіне шын жүректен өкінгенін, екі кішкентай баласының болуын, сондай-ақ қылмыс жасауға негіз болған жәбірленушінің әрекетін жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Қылмысты мас күйде жасау оның жауапкершілігін ауырлататын мән-жай деп танылды. Сот жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу кезінде аса ауыр қылмыстар санатына жататын қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын да ескерді", - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сотталушыға Қылмыстық кодекстің жоғарыда аталған бабының санкциясында көзделген жазаның ең аз мөлшерін, яғни сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.