Петропавлда құрылған күмәнді ұйымға қатысты тергеу басталды – Бас прокуратура

0
1 529

Облыстық ПД мен ҰҚК департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды.


Петропавлда құрылған күмәнді ұйымға қатысты тергеу басталды – Бас прокуратура

ERNUR.KZ. Бас прокуратура әлеуметтік желіде тараған «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» туралы видеоға қатысты пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметі қазіргі кезде аталған дерекке қатысты тергеу жұмысы басталғанын мәлімдеді.

«30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ облыстық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылғаны белгілі болды.

«Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды», - делінген прокуратура хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етiлуге жатпайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынған.