Петропавлда қыз көшеден тауып алған темекіні шегіп, жансақтау бөліміне түскен

0
84

Қыздың жағдайы аз уақытта нашарлай бастаған.


Петропавлда қыз көшеден тауып алған темекіні шегіп, жансақтау бөліміне түскен

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Петропавлда көшеден тауып алған темекіні шеккен қыз ауыр халде жансақтау бөліміне түсті, деп жазады tengrinews.kz.

Петропавл көпбейінді ауруханасының мәліметінше, медициналық мекемеге жағдайы ауыр бойжеткен түсті. Ол дірілдеп, басы айналып, үрейі ұшқан.

"Пациенттің айтуынша, ол көшеден тауып алған темекіні шеккен. Соның салдарынан есірткіден мас болып, экзогендік интоксикацияға ұшыраған. Оған нақтыланбаған заттардың уытты әсері, улану синдромы және орташа дәрежедегі теміржетіспеушілік анемиясы диагнозы қойылды", - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Қыздың жағдайы аз уақытта нашарлай бастаған. Кезекші терапевт пен реаниматолог қауіпті бағалап, науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызды.

"Пациент бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Содан кейін тағы төрт күн терапия бөлімінде ем алды. Мамандар оның жағдайын тұрақтандыра алды. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы қанағаттанарлық, ол үйіне шығарылды", - деді аурухана өкілдері.

Дәрігерлер белгісіз немесе тыйым салынған заттарды тұтынудың соңы әрдайым қауіпті екенін ескертеді.

"Тіпті бір рет тұтынудың өзі ауыр улануға, жүрек пен тыныс алу жүйесінің бұзылуына, үрейге, бағдардан жаңылуға, өзін басқара алмай қалуға және өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Сіз заттың құрамын білмейсіз және ағзаның оған қалай әсер беретінін болжай алмайсыз. Кейде бір қате шешімнің құны тым жоғары болуы мүмкін", - деп ескертеді дәрігерлер.