Петропавлда мамандар жылу электр орталығының мұржасын бұзуға кірісті

0
577

Түтін мұржасын бұзуға шамамен 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ.


Петропавлда мамандар жылу электр орталығының мұржасын бұзуға кірісті

ERNUR.KZ. Мамандар Петропавл жылу электр орталығының мұржасын бұзуға кірісті. Екі ай бойы жүргізілген сараптама оның жарамсыз екенін көрсеткен. Биіктігі 10 метрлік нысанды мамандар қолмен бөлшектейді. Қазір стратегиялық нысаның аумағы қоршалып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурыз күні жылу орталығының алып мұржаларының бірі опырылып құлаған болатын. Үйіндінің астында қалған жұмысшы қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Тергеу амалдары әлі күнге дейін жалғасуда. Құлаған мұржаның үйінділері 1300 шаршы метрге дейін шашылған болатын.

«Тамыз айына дейін бәрін бұзып үлгеруіміз қажет. Өйткені тағы бір ай уақыт аумақты темір-бетон үйінділерінен тазартуға кетеді. Бірінші мұржаға қосылған қазандықтарды қазір біз басқаларына қосып жатырмыз. Жылыту маусымына дейін сәтін салса, 9 қазандық жұмыс істейтін болады. Алдын ала болжам бойынша аталған түтін мұржасын бұзуға шамамен 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ. Мұнымен қоса екінші мұржаға да қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Жаңасы алдағы уақытта тұрғызылады. Оның жобасы есептеліп жатыр. Биіктігі шамамен 200 метрдей болады. Қазір стратегиялық нысанда барлығы 400 адам жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл жылу электр орталығы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров.

Петропавл жылу орталығының мұржалары 9 жылдан бері тексерілмеген. Талапқа сай мұндай қондырғылардың жағдайы әр 5 жыл сайын сараптамадан өтуі тиіс. Соның салдарынан кәсіпорында өткен жылыту маусымында бірнеше рет апат болды. Қондырғылардың 60 пайызы тозған. 18 млрд теңгеге кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілмек.