Петропавлда өртенген үйден бес адамның жансыз денесі табылды

0
865

​​Қайғылы оқиға Петропавл қаласының Береке ықшам ауданында орын алды.


Петропавлда өртенген үйден бес адамның жансыз денесі табылды

ERNUR.KZ. Куәгерлердің айтуынша, өрт болар алдында марқұмдар спирттік ішімдік тұтынған, деп жазады Zakon.kz.

2022 жылы 13 наурызда сағат 1:07-де СҚО ТЖД "Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі" мекемесінің 101 шұғыл байланыс желісіне төрт бөлмелі кірпіштен салынған жеке үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Өрт сөндірушілер келгенде, үйдің шатыры өртеніп, қалың қою қара түтін будақтап жатты.

Өртті сөндіру барысында 1975, 1979 жылдарғы екі ер адамның және 1960, 1967 жылдарғы екі әйелдің жансыз денелері табылды. Кіре берістен 1960 жылғы тағы бір ер адамның денесі жатқан. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жөнелтілді.

Өрт сағат 1:53-те ауыздықталып, 2:24-те толықтай сөндірілді. Өртті сөндіруге Петропавл қаласының төрт өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары (№1, 2, 3 және 5) жеке құрамнан 30 адам және алты техника жұмылдырылды. Отты ауыздықтау үш учаскеден жүргізілді.ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қызыл жалын шарпыған аудан 60 шаршы метрді құрады. Кіре беріс пен үйдің шатыры жартылай өртеніп кетті.

ҚР ТЖМ өкілдерінің айтуынша, өрттің алдын ала себебі – спирттік ішімдікті тұтыну, төсекте жатып, темекі шегу. Шығын көлемі анықталып жатыр.

Қаза тапқандар әлеуметтік осал топтағы санатқа жатпайды, сол секілді араққа салыну бойынша есепте тұрмаған. Куәгерлердің айтуынша, өрт болар алдында қаза тапқандар спирттік ішімдік ішкен. ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.ҚР ТЖМ баспасөз қызметі