Тәртіп сақшысының әйелі күдікті ретінде ұсталды.
ERNUR.KZ. Петропавл қаласында күйеуін өлтірген келіншекке қатысты сот басталды. Марқұм полицей болған, деп жазады sputnik.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген 32 жастағы қызметкердің мәйіті 25 мамырда Береке шағын ауданындағы өз пәтерінен табылған. Денесінде пышақ жарақаттары болған. Атап айтқанда, кеуде тұсына пышақ сұғылған.
Сол күні адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал тәртіп сақшысының әйелі күдікті ретінде ұсталды. Ерлі-зайыптының арасында жанжал туындап, арты қайғылы оқиғамен аяқталды. Облыстық прокуратура тергеуді бақылауға алған болатын.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында осы іс бойынша алғашқы отырыс өтті. Істі сот төрағасы Сергей Викторенко қарап жатыр.
Қорғаушылар бірден сотты жабық режимде өткізуге өтініш білдірді. Себебі қылмыстық іс материалдарында сотталып жатқан келіншектің жеке өмірі мен қарым-қатынасына қатысты мәліметтер бар. Жәбірленуші тарап – марқұмның анасы өтінішті қолдады. Кейуана кәмелет жасқа толмаған екі немересі оқиғаның мән-жайын естімеуі керек деді.
Сот өтінішті қанағаттандырды. Өйткені іс материалдарында ерлі-зайыпты Жұмағалиевтердің өміріне қатысты жағымсыз жағдайдар қылмысқа себеп болған. Ал оны зерделеу нәтижесінде процеске қатысушылардың жеке өмірі туралы деректер шығады.
"Процеске қатысушылардың жеке өміріне қатысты мәліметтердің таралуына жол бермеу мақсатында Айгүл Жұмағалиді Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша айыптау жөніндегі қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралсын", - деді судья Викторенко.
Учаскелік инспектор ішкі істер органдарында бес жылдан астам уақыт істеген. Осы уақыттың ішінде жауапты қызметкер және үлгілі отағасы ретінде танылған. Полиция капитаны ата-анасымен, әйелімен және екі кішкентай баласымен бірге тұрған. Ал келіншегі дүкенде жұмыс істепті.
Көршілері ерлі-зайыптының ұрсысқанын естіген емеспіз дейді.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі (Адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) бойынша сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.