Петропавлда су құбырында тағы да ірі апат болды

0
1 063

Бұл соңғы үш айда су құбырында болған төртінші апат


Петропавлда су құбырында тағы да ірі апат болды

ERNUR.KZ. Петропавлда су құбырында тағы да ірі апат болды, деп жазады sputnik.kz.

Қала әкімі Руслан Анбаевтың айтуынша, апат оңтүстік-шығыс су құбырында болған.
"28 қаңтарда сағат 7-де 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінің бойында диаметрі 800 мм су құбыры зақымдалды. Салдарынан қалалық желідегі қысым төмендеді. Қазіргі уақытта бұл учаскеде су қысымы қалпына келтіріліп жатыр", - деді қала басшысы.
Алайда жұмыс толық аяқталғанға дейін Жұмысшы ауылында, Береке шағын ауданында, Вокзал маңы ауданында су болмайды.
Әкімдік мән-жайды баяндап, ақпарат беріп отыратынын айтты. Қала әкімі Руслан Анбаев жағдайды жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Айта кетері, бұл осымен қалалық су құбырында болған төртінші ірі апат.
Алғашқы ірі апат 6 қарашада тіркелді. Салдарынан 14 көпқабатты үй немесе 825 абонент, сондай-ақ бес әлеуметтік нысан сусыз қалды.
1 желтоқсан күні кешке Жұмабаев пен Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысында сол магистральдық су құбырында тағы апат болды. Құбырдың түйіскен жері жарылған. Қысымның төмендеуіне байланысты бүкіл қала сусыз қалды, бірнеше сағат ішінде сумен жабдықтау қалпына келтірілді, бірақ 15 үй, облыстық балалар ауруханасы, үйсіздерді бейімдеу орталығы, Петропавл нан комбинаты және "Севказэнерго" АҚ-ға су берілмеді. Сонымен қатар тоғыз көпқабатты үй мен нан-тоқаш комбинатында бір тәуліктен артық су болған жоқ.
12 желтоқсанға қараған түні қалада су үшінші рет тоқтады. 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі диаметрі 800 мм су құбырына зақым келген. Дәл осындай жағдай бұған дейін Жұмабаев көшесіндегі су құбырында болған. Апат салдарынан теміржолды, "Радуга" ЖШС аумағындағы қоймаларды және алты жартылай пәтерлі үйді су басты.