Philips компаниясы қазақстандық ғалымға серіктестік ұсынды

0
648

Қазақстандық ғалым қазақша дауыстық хабарламаны мәтінге айналдыратын жүйе ойлап тапты.


Philips компаниясы қазақстандық ғалымға серіктестік ұсынды

Қазақстандық ғалым Өркен Мамырбаев қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаларды мәтінге ауыстыратын жүйені ойлап тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

«Kazak ASR» зияткерлік жүйесі Telegram әлеуметтік желісінде чат-бот ретінде қазірдің өзінде жұмыс істейді. Жоба сонымен қатар танымал нидерландтық Philips компаниясының өнімдеріне біріктіріліп, жақын арада нарыққа шықпақ.

«Kazak ASR» дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, сондай-ақ оларды мәтінге айналдырады. Әзірленген жүйе Telegram-да чат-бот ретінде жұмыс істейді. Жүйені тексеру үшін дауыстық хабарлама түймесін басып тұру керек. Жазу аяқталғаннан кейін бот сіздің дауыстық сигналдарыңызды мәтінге айналдырады. Сонымен қатар командаммен бірге жиналыс немесе кездесу кезінде қосуға болатын дыбыс жазу құрылғысын әзірледік. Жиналыс аяқталғаннан кейін құрылғы қазақ тілінде хаттама дайындайды», - деді Мамырбаев.

Қазіргі уақытта Philips өнімдеріне қазақ тілінде сөйлеуді тану технологиясын енгізу бойынша құжат әзірленіп жатыр.

«Philips компаниясы серіктестік пен өнімді одан әрі жетілдіруді ұсынды. Егер алгоритм туралы кезең-кезеңімен айтатын болсақ, алдымен бағдарлама компьютерге жүктеледі. Содан кейін микрофонды қосамыз. Сөйтіп сөйлей бастаймыз. Құрылғы екі түрлі дауысты автоматты түрде таниды және екі бөлікте қазақ тіліндегі мәтінін көрсетеді. Мұндай микрофон ақпаратты мәтін түрінде сақтау қажет болуы мүмкін жиналыстар кезінде хаттамалар толтыру үшін пайдалы», - деп толықтырды ғалым.