Тоқ соққан баланың біреуі жан сақтау бөлімінде жатыр.
ERNUR.KZ. Қарағанды қаласындағы Үлкен Михайлов ауданында екі бала ұзыннан ұзақ созылып тұрған поезд құрамының астынан кесіп өтіп, жолды қысқартпақ болған. Вагонның астынан өткен кезде екеуін тоқ соққан, деп жазады inbusiness.kz.
Дамир есімді бала есінен танып сол жерде құлаған, ал екінші бала жарақаты жеңіл болғандықтан сол маңда жүргендерді көмекке шақырыпты. Екі баланы да жедел жәрдем алып кеткен. Бүгінде тоққа түскен Дамирдің жағдайы ауыр, жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал екінші бала жақында ғана ауруханадан шыққан.
«Біз үнемі солай поезд құрамы үлкен болғандықтан тоқтап тұрған вагондардың астымен өтеміз, бұл жолы неге тоқ соққанын білмеймін. Бала ес-түссіз жатыр. Тірі қалса екен деп дұға тілеп отырмыз, мешітке бірнеше рет барып келдім. Ол өмірі үшін күресіп жатыр, қиын жағдайда отырмыз. Темір жолы бұл салғырттық үшін жауап беруі керек, кеше баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп еді, бүгін тіпті қиын деп отыр, қатты қорқып отырмыз», – деп мәлімдеді баланың тәтесі Бақыт Садырова.
Үлкен Михайлов станциясының тұрғындары елу жылдан бері поезд жолын кесіп өтетін қауіпсіз аспалы жол салып беруді сұрап келеді. Бұл маңда темір жолдан өтетін он шақты жол бар екен. Алайда оның барлығын көп жағдайда поездар жауып тұрып қалады.
Сосын жұрт ұзын поезд құрамдарын айналып жүргенше тоқтап тұрған вагонның астымен өтіп кетуді жөн көреді. Тұрғындардың жан-айқайын әзірге ешкім естіген емес. Жұрт бұған дейін де қайғылы жағдайдың болғанын айтады. Ал қалалық билік болса, алдағы уақытта аспалы жолдың салынатынын, оның жобалық сметалық құжатына қаражаттың бөлінгенін мәлімдейді.