Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық мекеменің қызметіне табыс тілеп, 2 реанимобиль мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа ғимарат Emergency халықаралық стандартына сай салынған әрі триаж жүйесіне сәйкес тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Орталықта 26 төсек орынға есептелген реанимация және қарқынды терапия бөлімі, диагностика бөлімі және 4 операция блогы бар.
Президентке орталықтың заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған диагностика кабинеттері, нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімшесі және операция бөлмелері таныстырылды.
Соңғы үш жылда бұл ауруханада емделушілер саны 30 пайызға артқан. Сол себепті қазір Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының негізгі ғимаратын жаңарту және реконструкциялау жоспары әзірленіп жатыр. Соған сәйкес ескі корпустардың бәрі күрделі жөндеуден өткізіліп, қосымша оңалту, отоларингология, аймақтық офтольмология орталықтары және жақ-бас сүйек хирургиясы бөлімшелері ашылмақ. Нәтижесінде стационардағы төсек-орын саны 350-ден 470-ке дейін артады. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің түрі көбейіп, халықаралық стандарттар деңгейіндегі сапаны қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады.