Президент Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

0
1 008

Кеше атақты әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев 82 жасына қараған шағында қайтыс болды.


Президент Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

фото: ғаламтордан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ескендір Хасанғалиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті композитор һәм жұртқа танымал әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Ескендір Өтегенұлын халқымыз қоңыр дауысты әнші және жан тебірентерлік әндер шығарған композитор ретінде өте жақсы көрген еді. Ұзақ жылғы шығармашылық жолында жемісті еңбек етіп, отандық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты. Халқымызға 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармаларын тарту етті. Әсіресе, "Атамекен", "Анаға сәлем", "Есіңе ал", "Айналайын", "Әдемі-ау", "Гүлсезім" және басқа да тамаша туындылары көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Халқымыздың сүйіспеншілігі мен айрықша құрметіне бөленді. Еліміздің өнері мен мәдениетін өркендетуге атсалысып, соңына жарқын із қалдырған Ескендір Өтегенұлының бейнесі ұмытылмайды, есімі халқымыздың жадында сақталады", – делінген жеделхатта.

Еске салайық, кеше атақты әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев 82 жасына қараған шағында қайтыс болды.