"Президент қолынан алған награда қызметімізге деген махаббатты одан сайын арттырады" - А.Макишев

0
354

Мемлекет басшысы бірқатар қызметкерге арнайы награда табыстады.


Биыл еліміздің бірнеше аумағында орын алған су тасқыны кім-кімге болса да оңай тиген жоқ. Мыңдаған адам үйінен айырылып, мал-мүлкінен көз жазып қалды. Дегенмен, қаны текті қазақ халқы ағайынды қолдаусыз қалдырмай, түрлі көмектерін жеткізді. Соның арасында ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін күрескен ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің қызметкерлерін айрықша атап өтуге болады. Жалпы, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері тікұшақтарының экипаждары жергілікті тұрғындарды су тасқынының зардаптарынан құтқаруға, азық-түлік, жылы киімдер және тағы да басқа бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізуге қатысқан. Құтқару операциялары Ақтөбе, Қостанай және Абай облыстарында жүргізілді. Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы төтенше жағдайларда тәулік бойы жұмыс істеді. Барлығы 27 наурыз бен 13 сәуір аралығындағы кезеңде су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы Күштерден жеке құрамның 4959 адамы, 166 бірлік автокөлік техникасы, бес автобус, 11 армия авиациясының тікұшағы, бес әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. Қазақстан бойынша су тасқыны басталғаннан бері 107 119 адам құтқарылса, оның 38 457-сі балалар. Сәйкесінше, ел жауынгерлерінің еңбегін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы бірқатар қызметкерге арнайы награда табыстаған болатын. Олардың арасында Әуе қорғанысы күштерінің белді мүшесі, әскери ұшқыш, полковник Макишев Амангелді де бар.


Әуе қорғанысы күштері Әскери институты бастығының орынбасары, полковник Амангелді Мақышевтің басшылығымен Ми-8 тікұшағының экипажы Батыс Қазақстан облысында жергілікті халықты іздеумен, құтқарумен және эвакуациялаумен айналысқан.


- Осы салада қызмет атқарып жүргеніме 27 жылға жуықтады. Қазір өзіміз шәкірт дайындап, курсанттарды қанаттандырып жатырмыз. Әскери адам болған соң, қиындық та, қызықшылық та көп болады. Су тасқыны кезінде адамдарды апат аймағынан тезірек, аман-сау шығарсақ деген ауыр жауапкершілік болды. Өйткені, су басқан жерлерде бірнеше күн бойы жарық та, ыстық тамақ та болмаған. Дегенмен, қанша асықсақ та, барлық қауіпсіздік ережелерін сақтап, жауапкершілікті ұмытпадық. Бүгін Мемлекет басшысының қолынан салмағы ауыр «Жауынгерлік ерлігі үшін» деген награда алып жатырмыз. Сөз жоқ, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Ақордада тек әскерилер ғана емес, өзге де сала мамандары, қарапайым халық марапат алып, керемет атмосфера орнады. Осы орайда қарапайымдылығын, еңбек адамдарына деген құрметін жоғалтпайтын мемлекетіміздің басшысына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Әрине, осындай жетістіктер қызметімізге деген махаббатты одан сайын арттырады, - дейді ол.


Айта кетсек, марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ