Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.
ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовті, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевты, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевті қабылдады, деп жазады aikyn.kz.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Қазақстан Президенті азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында әділ әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуына басымдық беру керек екенін атап өтті.
– Облыс басшылығынан аталған мақсаттарға жету бағытында бастамалар мен нақты шаралар қабылдау талап етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол Жамбыл облысын одан ары дамыту туралы бірқатар нақты тапсырма берді.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысына Қызылорда облысын 2022 жылға дейін кешенді дамыту жоспарының негізгі қол жеткізілген көрсеткіштері туралы есеп берді. Сондай-ақ әкім Қазақстан Президентінің өңірге жұмыс сапары барысында берілген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарының, соның ішінде көпбалалы отбасылардың мәселелерін шешу үшін Қарағанды облысында қабылданған шаралар туралы баяндады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына өңірдің биылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президенті облыс әкіміне өңірге тартылатын инвестиция көлемін арттырып, өнеркәсіп өндірісінің өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ облыс орталығы мен ірі қалаларда тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым салу қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазақстан Президентіне Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан қаласындағы құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі нысандарын салу барысы жөнінде баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.