«Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру барлық саланың, соның ішінде спорт саласының дамуына айрықша серпін береді.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.
— Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл — әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да — осы, — деді Мемлекет басшысы.
Президент спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында тұратынын айтты.
— Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар маңызды түзету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.


