Көліктің шаң басқан терезесіне сурет салып танылған суретші Аслан Жазықов қайтыс болды

0
111

Суретшінің Instagram парақшасында оның қазасы туралы хабарлама пайда болды.


Көліктің шаң басқан терезесіне сурет салып танылған суретші Аслан Жазықов қайтыс болды

instagram.com/sandero920 видеосынан кадрлар

ERNUR.KZ. Көліктердің шаң басқан әйнектеріне ерекше суреттер салу арқылы танылған атыраулық суретші Аслан Жазықов қайтыс болды, деп жазады tengrinews.kz.

"Оның жұмыстары естелік болып қалады": не болды?

Суретшінің Instagram парақшасында оның қазасы туралы хабарлама пайда болды. Жазбаны Аслан Жазықовтың жұбайы жариялады. Әйел күйеуінің шығармашылығын бақылап, оған қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтты.

"Құрметті достар, осы парақшаның иесі әрі суретші ретінде танылған жарым Аслан өмірден озды. Асланның қолөнерін осы күнге дейін тамашалап, қолдап-қолпаштап келгендеріңізге үлкен рақмет. Өкінішке қарай, парақша сурет салу бойынша жұмысын тоқтатады. Суретке тапсырыс беру туралы жазбауларыңызды сұраймын. Парақша өшпейді, тек жолдасымның туындылары естелік ретінде сақталады", – делінген хабарламада.

Суретшінің қазасын Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі де растады.

"Арнайы құралдарды қолданбай-ақ, ол автокөлік әйнектеріне шаңның, сіріңке мен мақта таяқшаларының көмегімен танымал тұлғалардың портреттерін салған. Оның ерекше туындылары әлеуметтік желілерде кеңінен тарады", – деп толықтырды ӨКҚ өкілдері.

Жазбаның астында желі қолданушылары суретшінің отбасына көңіл айтып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде суретшінің инсульт алғаны туралы ақпарат тарады. Алайда өлімнің себебі туралы ресми растау әлі жоқ.

Tengrinews.kz ақпарат алу үшін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгінді. Материал жарияланған сәтте жауап келген жоқ.

Аслан Жазықов деген кім?

Аслан Жазыков Атырауда тұрып, өзінің сурет салудағы ерекше әдісімен танымал болды. Ол бояу мен қылқаламның орнына көлік әйнегіндегі шаңды пайдаланған.

Суретші танымал тұлғалардың портреттерін өз көлігінің артқы әйнегіне салатын. Оған тек саусағы, сіріңке мен мақта таяқшалары жеткілікті болатын.

Бұған дейін Жазықов БАҚ-қа берген сұхбатында бұл техниканы алғаш рет 2016 жылы байқап көргенін айтқан болатын. Сол кезде суретші ағылшынның "Лестер Сити" футбол клубының эмблемасын салған. Оның жұмысына британдық BBC телерадиокорпорациясы назар аударған еді.

Кейінірек Жазықов қазақстандық спортшылар мен басқа да танымал тұлғалардың портреттерін сала бастады. Оның жұмыстарының арасында Геннадий Головкин, Шавкат Рахмонов, Елдос Сметов және Елена Рыбакинаның бейнелері бар.