Парламент палаталарының төрағалары да қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрге, Президент Әкімшілігінің Басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды», — деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасына.
Дерекке қарағанда, Парламент палаталарының төрағалары да қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді.
«Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат — тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», — деп олықтырған Президенттің Баспасөз хатшысы.