Президенттік кадрлық резервке өткен азаматтардың көбінің лауазымы жоқ - министр

0
863

Тіпті олардың 80 пайызының мемлекеттік қызметке мүлде қатысы жоқ.


Президенттік кадрлық резервке өткен азаматтардың көбінің лауазымы жоқ - министр

ERNUR.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президенттік кадрлық резервті жасақтау туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп, көптің көкейіндегі сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берген болатын. Не қосуға болады? Ең алдымен, бұл резервке өтінімді 13 мыңнан астам азамат бергенін атап өткім келеді. Бұл – Президент ұсынған идеяның қолдау тапқанын дәлелдейтін өте үлкен көрсеткіш. Адамдар оған сеніп отыр. Мұндай тәртіпте бірінші рет конкурс өткізілуде. Мемлекет басшысының резервінде болу деген – зор құрмет. Сол себепті, қазірдің өзінде айтарлықтай салмақты лауазымда отырған азаматтар да өз өтінімін беріп жатыр. Алайда лауазымдылар жаппай резервке кіруге ниет білдіріп отыр деп тағы айта алмаймыз», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, резервтің келесі кезеңіне өткен азаматтардың көбі - лауазымы жоқтар.

«Тіпті олардың 80 пайызының мемлекеттік қызметке мүлде қатысы жоқ. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп айтар едім. Қазақстан үшін ғана емес, кез келген мемлекет үшін мұндай көрсеткіш үздік саналары анық. Себебі бұл – белсенділіктің көрсеткіші. Азаматтар әлеуметтік лифтке сенеді. Күрделі сұрақтарға келетін болсақ, бұл онсыз да көптің күткен сауалдары еді. Ешкім де оңай жол боларына уәде берген жоқ. Ставка тым жоғары. Бұл конкурста бәсеке қызу екенін ұғыну керек. Сондықтан, ешкім де резерв жайлы сыни сөз айтпаса да, біртүрлі болар еді. Бірақ, мен ең бастысы – нәтиже деп айтар едім. Егер бүкіл Президенттік кадрлық резерв арқылы елді алға жетелей алатын ең үздік 10 басқарушыны таңдап алсақ, оның өзі үлкен жетістік болмақ. Сондықтан, нәтижеге қарай сын айтсаңыздар деймін. Ал нәтиженің боларына анық сенемін, себебі бұл жұмыстардың барлығы Президенттің тікелей бақылауында», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бүгін Үкімет үйінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова баспасөз мәслихатын өткізіп, «Президенттік Жастар кадр іріктеу қалай жүргізіліп жатқанын толыққанды айтып берген болатын.