Президенттің тапсырмасы: әкімдер телефондарын көтермей жатыр

0
989

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ай бұрын әкімдермен жиын өткізіп, халықпен кері байланыс орнатуды тапсырған еді


Президенттің тапсырмасы: әкімдер телефондарын көтермей жатыр

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халықпен кері байланыс орнатуға тапсырма бергеннен кейін, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов аудандық деңгейдегі басшылардың жеке телефон нөмірлерін жариялады. Алайда олармен сөйлесу мүмкін емес, деп жазады sputniknews.

Президенттің тапсырмасынан соң екі ай өткенде, телеарна тілшісі Нұр-Сұлтан әкімі берген телефон нөмірлеріне қоңырау шалып көріпті. Бірақ кейбір басшылар телефондарын көтермеген.

"Қазір әкімдермен байланысу қиын. Мысалы, Есіл ауданының әкімі Қайрат Закарияновтың телефоны күні бойы өшірулі. Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев телефон тұтқасын көтермеді. Whats Аpp желісіне таңертең жазған жазбамызға да кешке дейін жауап бермеді", - дейді тілші.

Ал Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есілов орыс тілінде қысқа жауап беріпті. Қайта хабарласам деген әкім сол күйі хабарсыз кеткен. Әкімдердің ішінде тек Сарыарқа ауданының әкімімен байланысудың сәті түскен көрінеді.

"Халық көп хабарласатын басқарма басшыларына да телефон шалып көрдік. Тұрғын үй сертификаты, пәтер кезегі, "7-20-25" бағдарламасына жауапты басқарма басшысының телефоны өшірулі", - дейді телеарна тілшісі.

Ол қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозинмен ғана хабарласа алғанын айтты.