Президенттің төрағалығымен үш мегаполис және облыс әкімдері қатысқан кеңес өтті

0
1 190

Президент біршама тапсырмалар беріп, берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстауды Президент Әкімшілігіне тапсырды.


Президенттің төрағалығымен үш мегаполис және облыс әкімдері қатысқан кеңес өтті

ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиын барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә.Смайыловтың, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбдіқалықованың, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептері тыңдалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

"Тұңғыш Президентіміз - Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат - азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру," - деді Қазақстан Президенті.

Басқосу соңында Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне тапсырылды.