Мамандардың сөзінше, 35 жастан кейін ерлердің гормоны аласапыран өзгеріске ұшырайтын көрінеді.
ERNUR.KZ. 40-тан асқан сүрбойдақтар өмірлерін өзгертуден қорқады. Психологтар осылай деп дабыл қағуда. Соңғы жылдары ажырасу көбейгендіктен, балалардың әкесіз ер жетуі де, бұл проблеманың бір ұшы. Жалғызбасты әйелдер санының артуынан ұл баланың тәрбиесіндегі олқылықтар алдағы өміріне едәуір әсер етеді. Яғни шешім қабылдай алмайды, ешкімге тәуелді болғысы келмейді, еркіндігін жоғалтудан жасқанады. 40-тан асқан ер азаматтардың тағы қандай қорқынышы бар. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
40-ты алқымдаған сүрбойдақтардың үйленіп, отбасылы болуы екіталай, деп санайды психологтар. Олардың сөзінше, 35 жастан кейін ерлердің гормоны аласапыран өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Онысы мінез-құлыққа да әсер етеді. Яғни, бойдақтар жасы келген сайын өміріне қандай да бір өзгеріс енгізуге құлықсыз бола түседі.
"Көп жағдайда мына жалғызбасты аналар тәрбиелеген ер азаматтар толыққанды семьяны
көрмегендіктен, оларда үлкен қорқыныш пайда болады. Авторитарлы әйелдерден қорқыныш
басым болады. Жауапкершілікті сезінбейді ол кісілер. Жауапкершілік деген эгоизм, тәуелді
болғысы келмейді әйелдерге. Көп жағдайда қаржылай табыстың аз болуы, әйел адамның көп
табуы, әйелге тәуелді болмаудан қашқақтайды", - дейді психолог Камила Асыпқызы.
45 жастағы Асхат та бұл пікірді жоққа шығармайды. Айтуынша, жас ұлғайған сайын екінші жартыңды жолықтыру қиындай береді. Қыздар көп. Тек жүрекке жақыны жоқ. Одан
бөлек, еркіндігін жоғалтудан жасқанатындар бар. Оның үстіне талғам да арта түседі.
"Жыл сайын ақылды бола түсесің. Күш-жігеріңді, ақыл-парасатыңды ретімен жұмсауға
тырысасың. Ең бастысы, кездескен әйелдің жүрегіңе жақын екенін түсінсең. Бірден шешім
қабылдайсың. Уақыт созып жүруге уақыт жетпейді", - дейді сүрбойдақ Асхат Мұрынов.
Асхат та тұрақтылыққа бейімделіп қалған. Тіпті, соңғы кезде үйлену жайлы сирек ойлаймын
дейді. Ал психологтар болса, 35 жасқа дейін шаңырақ көтеруге кеңес береді.
"Ер азаматтар көп жағдайда 30-ға дейін үйленбесе, 30-дан кейін олар жалғыздықты дағдыға
айландырып алады. Сол себептен ер азаматтар 30-ға дейін, 35-ке дейін үйленіп алғаны өте орынды. 40-тан кейін үйлену өте аз болады. Қиындық болады. Отбасында кішкентайынан бастап біз ер азаматты өздігінен шешім қабылдауға, өмір сүруге отбасын құруға бағыттауымыз керек", - дейді психолог Камила Асыпқызы.
Айтпақшы, қыздар қауымының да 40-тан асқан азаматтарға қызығушылығы асып-тасып жатқан
жоқ. Егде тартқан еркекпен танысқанда "ажырасқан ба?" деген күдік сап ете қалады екен. Тапқан-таянғаны алиментке артылмайды деп айнып қалатындары да бар.
"Адамның жасында тұрған ештеңе жоқ. Менің болашақ жарыммен арамызда ортақ қызығушылық болғанын қалар едім. Ортақ құндылық, мақсаттарымыз бір болса деймін. Бір-бірімізге қолдау білдіру де маңызды. Ер азаматқа 30-40-та да отбасылы болса жараса береді", - дейді қала тұрғыны Әсем Нумарова.
Мамандардың пікірі "отызда отбасын құрмағандардың, қырықтан асқанда қатын ала қоюы неғайбыл" дегенге саяды. Сондықтан сексеннің жартысына жақындап қалған серілер, қартайғанда қамығып қалмас үшін қазірден бастап қамданғандары жөн дейді.