Ұлттық мереке мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне елеулі ықпалын тигізетін тарихи маңызы бар оқиғалармен біте байланысады.
Соңғы бір-екі күндікте «Қайта оралған қазағымның дәстүрлері-ай...» деп басталатын әуезді ән ойға орала берді. Оған қазақ жұртшылығы бір жоғалтып, қайта қауышқан Республика күнін жалпылама атап өтуі себеп.
Неге 25 қазан?
25 қазан – еліміз бостандыққа қол жеткізгеннен бергі тарих белесінде айтулы күндердің біріне айналды. 1990 жылдың осы күнінде Қазақ ССР-нің егемендігін айғақтайтын Декларация қабылданған болатын. Декларация тарих беттерінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш құқықтық құжаты ретінде сақталды. Еліміздің мемлекеттігі, территориясының тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітіліп, саяси-құқықтық негіздері нықталды. Қазақ халқының және Қазақстанның басқа да ұлттар мен ұлыс өкілдерінің өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін сақтау және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайтудың негізгі қағидаттары белгіленді.
1995 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 25 қазан – Республика күні Ұлттық мереке болып жарияланды. Содан 2008 жылға дейінгі аралықта жыл сайын тойланып келді. 2009 жылы Елбасының бұйрығымен мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Араға он үш жыл салып, 2022 жылы 16 шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен байырғы мәртебесіне қайта ие болды.
Қазақ елінің жалғыз ұлттық мерекесі
Қазіргі таңда Республика күні – ұлттық мереке ретінде атап өтілетін жалғыз атаулы дата.
Ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден айырмасы да ауыз толтырып айтарлықтай. Қазақстан Республикасының «Мерекелер туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік мереке – қоғамдық саяси маңызы бар оқиғаларға арналған.
Ал, ұлттық мереке – мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне елеулі ықпалын тигізетін айрықша тарихи маңызы бар оқиғалармен біте байланысады. Ұлттық мереке қарсаңында міндетті түрде ел аумағындағы және өзге елдердегі Қазақстан Республикасына қарасты мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. Мұндай жиындарда еліміз үшін ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар бағамданып, осы оқиғалар тұсында ерен еңбек етіп, елеулі үлесін қосқан қызметкерлер мен тұлғалар лайықты бағасын алады.
«Ұлттық мереке» деп ұлықталған Республика күнінде осы мақсатқа сәйкес, еліміздің барлық дерлік мемлекеттік мекемелерінде салтанатты жиындар өтті. Сондай шаралардың бірі Конституциялық Сот ғимаратын сән-салтанатқа бөледі. Республика күніне арналған жиналыста Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен заң саласында белсенді мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарымен, жетістіктерімен көзге түскен бірқатар қызметкер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі түріндегі Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградасымен марапатталды.
Жұмыстағы табыстары мен жетістіктері үшін Конституциялық Сот Аппаратының көптеген қызметкерлеріне алғыс айтылды.
Сондай-ақ, еліміздің бас қаласында су шаруашылығы саласының мамандарын мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Республика күніне орай еліміздегі бассейндік инспекцияларға 20 автокөлік табыстады. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев және Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Мереке қарсанында су саласының 34 маманы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, 8 адам – «Құрмет» орденімен, 2 қызметкер – ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 13 маман – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгілері мен Су ресурстары және ирригация министрінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» табысталды. Салтанатты жиында Қазақстандағы сушылар династиясы өкілдері де марапатқа ие болды.
Астанада Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған кезекті іс-шара адам өмірін ажал мен аурудан арашалауға, отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқан дәрігерлерді, қоғамдық денсаулық сақтау қайраткерлерін, сала менеджерлерін құрметтеуге арналды. Іс-шараның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, соңғы жылдардағы денсаулық сақтау саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтті. «Мәңгі жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шарада сала үздігі деп танылған дәрігерлер құрметті мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Медицинаның әртүрлі саласының үздік мамандарына «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалі тағылды. Бірқатар дәрігерлер мен менеджерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, денсаулық сақтау мекемелеріне «Беделді перзентхана», «Беделді балалар ауруханасы», т.б. номинациялар ұсынды.
Биыл тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» («Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері») атағы белгіленді. Ел президентінің бастамасымен енгізілген мәртебелі атақ ҚР денсаулық сақтау саласына айрықша еңбек сіңірген, жетістіктерімен көзге түскен үш дәрігерге тағайындалды.
Республика күні мерекесіне қарсы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа баспаналы болған азаматтарды құттықтай отырып, мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
2023 жылы осы тектес сый-сияпат бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне бұйырған болатын. Осы салада еңбек етіп жүрген 65 қызметкерге Қазақстан Республикасы Президентінің атынан пәтер кілті табысталған. Бастама биыл да жалғасын тауып, мәдениет саласының қызметкерлеріне 67 жаңа пәтер берілді.
Пәтер иегерлері тізімі негізінен ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғызбасты аналардан құралған.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінде ұлттық мереке Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиналыста ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі үшін аталған саланың 28 қызметкері мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтсақ, Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» ордені, Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» ордені, «Құрмет» ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары тағылды.
Осы секілді түрлі форматтағы жиындар барлық министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде ұйымдастырылып, салалардың көрнекті өкілдері салтанатты түрде марапатталып, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Бүгінгі Қазақстан – саяси және экономикалық салаларда, сондай-ақ әлемдік аренада жеңістер қол жеткізіп жүрген терезесі тең, керегесі кең мемлекет. Өз еліміздің жетістіктерін мақтанышпен айта отырып, олардың астарында ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген қазақстандық азаматтардың біріккен күші жатқанын есімізден шығармаймыз.
Халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі – мемлекеттің тірегі. Тірек берік болса, Қазақстанның тарихы да мәңгі жалғасын табады.
Б.Мейірханұлы,
ERNUR.KZ.