Депутаттар Нұрбол Назарбаевтың әрекетіне шағымданды – қосымша тергеу басталды

0
190

Бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды.


Депутаттар Нұрбол Назарбаевтың әрекетіне шағымданды – қосымша тергеу басталды

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың рейдерлік шабуылға қатысты шағымына жауап берді, деп жазады sputnik.kz.
Бұған дейін мәжілісмен Ермұрат Бәпи бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, өзіне шағымданған кәсіпкердің рейдерлік шабуылдан кейін барлық мүлкінен айырылғанын мәлімдеді. Үш жыл бұрын Алматының прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс қозғаған. Бизнесменнің өзі сол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалғанын айта алмапты.
"Бірақ арада екі жыл өткенде – 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамының болмауына байланысты" деген желеумен тоқтатқан. Себебі айтпаса да түсінікті, прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған",-деді Бәпи мәжіліс отырысында.
Бас прокурор Берік Асылов былтыр бизнесменнің арызы бойынша қозғалған істің қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын растады. Бірақ биыл 9 қазанда сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша жəне кәсіпкердің дəлелдерін ескере отырып, бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды.
"Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті келтірілген фактілерді жан-жақты жəне объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу əрекеттерін жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында", - делінген бас прокурордың жауабында.