Республикалық бюджеттің 732 млрд теңгесі атқарылмады – Жамаубаев

0
479

Кіріс құны 6,8 трлн теңгені құраған.


Республикалық бюджеттің 732 млрд теңгесі атқарылмады – Жамаубаев

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттің атқарылуы туралы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3%-ке орындалды. Атқарылмаған бөлігі 732 млрд теңгені құрады. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ке немесе 135 млрд теңгеге азаюымен байланысты», - деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ке төмендеуімен байланысты болды.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ке атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 542 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 497 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ке орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 12,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 95 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу - 17 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 78 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары экология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт, төтенше жағдайлар, индустрия және инфрақұрылымдық даму және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты», - деді министр.

Оның айтуынша, игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және басқалары.