Қазіргі кезде сәулетшілер 35 үй аумағын бөлуде, сосын бірден құрылыс жұмыстары басталмақ.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында алапат өрттен баспанасыз қалғандарға жаздың соңына дейін жаңа үй беріледі, деп жазады ҚазАқпарат.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов тілсіз жаудан зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесті. Өз сөзінде ол тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандардың әрқайсысына жаңа үйдің кілті берілетіндігін жеткізді. Бес құрылыс компаниясы Ботаника ықшамауданында жеті үйден тұрғызады.
Қазір оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Олар нақты келтірілген материалдық залал мөлшерін есептеп, азаматтарға құжаттарын қалпына келтіруге септігін тигізеді.
«Бұзылған үйлерді қалпына келтірмейміз. Үйінен айырылған әр адамға 80 шаршы метрлік баспана беріледі. Әуелде құрылысы аяқталмаған 9 қабатты тұрғын үйді сатып алу жоспарланған болатын. Алайда 1996 жылғы үйдің іші әрленбеген әрі қажетті коммуникация тартылмаған. Оның иесі шаршы метрі үшін 179 мың теңге сұрап отыр. Ал жеке сектордағы жаңа үйдің шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Бұл бюджет қаржысына да үнем болады. Үйлер тұрғындарға еш ақысыз беріледі», - деді Даниал Ахметов.
Қазіргі кезде сәулетшілер 35 үй аумағын бөлуде, сосын бірден құрылыс жұмыстары басталмақ.
Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Полиция қызметкерлері өртке қатысты күдіктіні ұстады.