Риддердегі өрт: Қайырымдылық акциясы басталды

0
656

Зардап шеккендерге материалдық қаражат жинау үшін «Бірлік» қоры ашылған.


Риддердегі өрт: Қайырымдылық акциясы басталды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында тілсіз жаудан зардап шеккен Риддер қаласы Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсету үшін қайырымдылық акциясы басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Риддер, біз біргеміз!» акциясы10 мамырда болған өрттің салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған. ШҚО-дағы барлық қала-аудан әкімдіктерінің, басқармалар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын «Бірлік» қорына аударуда.

«Қазіргі уақытта облыс бойынша өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау науқаны ұйымдастырылды. «Nur Otan« партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Birgemiz акциясын жариялады, акция шеңберінде бірінші қажеттіліктегі заттар, құрылыс материалдары жинақталуда. Сонымен қатар өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін әлеуметтік жауапкершілік көрсетіп, риддерліктерге қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Облыс дінбасылары «Қайырымды болсаң, қайырымын өзің көресің» акциясын қолға алған. Азық-түлік, ақшалай қаражат, киім-кешек сынды заттар Халифа Алтай мешітінде, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарының мешіттерінде қабылданады.

Бүгін ШҚО ҚХА және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Жақсылықты бірге жасаймыз» еріктілер қозғалысы қалаға гуманитарлық көмек жіберді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде облыс әкімдігінің атына өңірдің бұл жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтарынан да хаттар келіп түсуде. Мәселен, өскемендік кәсіпкер Исатай Ансат әкімшілік ғимарат пен учаскесінің қажетті бөлігін тұрғын үй ретінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, одан кейін зардап шеккен отбасыларының меншігіне беру үшін тегін беретіндігі туралы ниетін білдірген хат жариялады. Хабарламада айтылғандай, бұл шамамен 3800 шаршы метр әкімшілік ғимараттан тұратын бұрынғы әскери бөлімнің ғимараты. Ал «Қазмырыш» компаниясы үйлері өртеніп кеткен барлық отбасыларға 1 миллион теңгеден бөлінетінін жеткізген», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, зардап шеккендерге материалдық қаражат жинау үшін «Бірлік» қоры ашылған. Қолұшын созамын деушілер болса келесі шотқа ақша жолдай алады: KZ094809KZT22031440, ЖСН (БСН) 141140013670.