Тергеу деректеріне сәйкес, Санжар Боқаев аталған қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған.
Фото: Санжар Боқаевтың жеке архивінен
ERNUR.KZ. Сот оны екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, деп жазады inform.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Боқаев ісіне қатысты тергеу екі бап бойынша жүріп жатыр. ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, яғни «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» — оған тағылған айыптардың бірі. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, яғни «Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» айыбы да тағылған.
— 2026 жылғы 19 наурызда Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен С. Боқаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, — делінген Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Айта кетейік бұған дейін Санжар Боқаев ұсталғанын жазғанбыз.
Ол жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдарды орналастырды деген күдікке ілінді.
Тергеу деректеріне сәйкес, Санжар Боқаев аталған қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген.
Сондай-ақ, ол аса ірі мөлшерде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілініп отыр.


