Күдікті ретінде 31 жастағы кент тұрғыны ұсталған.
иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Жаңа жыл түнінде Сарышаған тұрғыны кенттің бас шыршысын өртеп жіберді. Енді оған 3-тен 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.
1 қаңтарда таңғы сағат 6: 00 шамасында Ақтоғай ауданы ПБ Сарышаған кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне белгісіз біреулердің Сарышаған кентінің мәдениет сарайының жанында орнатылған шыршаны өртеп жібергені туралы хабарлама келіп түсті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен 31 жастағы кент тұрғынын ұстаған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі «Қасақана өрт қою жолымен бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Осы баптың санкциясына сәйкес күдікті үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылу немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасын өтейді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.