Сауд Арабиясы биыл қажылыққа баратын қазақстандықтарға 10 мың орын ұсынды

0
864

Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп (2023 жылғы квота саны 4 мың болатын).


Сауд Арабиясы биыл қажылыққа баратын қазақстандықтарға 10 мың орын ұсынды

ERNUR.KZ. Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі 2024 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың қажылық орнын ұсынды, деп жазады Inbusiness.kz.

Сондай-ақ, қазақстандықтарды 2024 қажылыққа апаратын туристік компаниялар тізімі де белгілі болды. ҚМДБ байқауына 31 туркомпания құжат өткізсе, олардың 17-сі ғана байқау талаптарына сай келген.

Бұл компаниялар енді Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты қажылықтың электронды жүйесіне ресми тіркелуі тиіс. Олар биылғы 15 желтоқсанға дейін жинаған қажысы мен қаржылық мүмкіндігіне қарай қажылық орындарын алады.
Дегенмен, байқауға жіберілмеген туристік компаниялар да қазақстандықтарды қажылыққа апара алады. Ол үшін мұндай туркомпаниялар ресми 17 туроператордың бірімен агенттік келісім-шарт құруы тиіс. Бірақ, олар ары кеткенде 100 адамды ғана қажылыққа апара алады.

Айта кетейік, енді 15 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша "Қажылық-2024" маусымына биыл 15 желтоқсанға дейін қажылары тіркеліп біткен елдерге қажылық орындары бөлінеді. Яғни, 15 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина, Арафат және тағы басқа қызметтер) қаражаты төленген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болады.