Биыл Шығыс Қазақстан облысында 500-ден астам әр түрлі рухани-мәдени басқосулар ұйымдастырылмақ.
ERNUR.KZ. Семейде Абай тойы ресми түрде бастау алып, мерекелік шаралар бірінен соң бірі өте бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы биыл Шығыс Қазақстан облысында 500-ден астам әр түрлі рухани-мәдени басқосулар ұйымдастырылмақ. Абай музейі көшпелі көрмелермен ел араласа, ақынның туған жерінде де тағылымы мол дүниелер қолға алынады.
Семейдегі данышпан ақынның бас музейі осыдан 80 жыл бұрын құрылып, содан бері халқымыздың рухани орталығына айнала білді. Мұнда 21 мыңнан астам түрлі жәдігер сақталған. Олардың ішінде 1885 жылы хакім Абайдың өз қолымен жергілікті өлкетану мұражайына өткізген заттары да бар. Кісе белбеу, ағаш ыдыстар, Әйгерімнің ертоқымы сияқты 17 экспонат келушілердің көзіне оттай басылары анық.
– Әрбір жәдігерге қарасақ, өзіндік ерекшеліктерін, өзіндік сыр-сипаттарын байқаймыз. Оның барлығы да осы қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне, этнографиясына қатысты дүниелер. Біз биылғы 175 жылдық мерейтой аясында Қазақстанның көптеген қаласын араламақшымыз. Бұл Атырау, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Павлодар, Өскемен тағы тағы өзге қалаларға барамыз. Міне, сол жақтағылар Абайдың тапсырған жәдігерлерін көрейікші, Семейге жете алмасақ та, Абайдың заттарын көрейікші деген ұсыныстармен шығып жатады, - дейді Абайдың мемлекеттік қорық музейінің директоры Жандос Әубәкір.
Ал Абай атындағы театр ғимаратында өңірдегі ақын тойының ресми басталуына орай салтанатты жиын өтті. Онда Медет Шотабаев, Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқали сияқты қазақ өнерінің жұлдыздары Абай әндерін әуелетті. Жиналғандар бұл той ел мерейін үстем етіп, береке бірлігімізді арттыра түседі деп сенеді.
– Бүгін халықтың көңіл-күйі, тойға деген дайындығына бәріміз куәміз. Тойдың жақсы өтуіне, Абайдың өзіне лайық үлкен той болатынына біз сенімдіміз. Осы тойдан келешекке, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт тәрбиесіне үлкен үлес болып қосылады деп ойлаймын, - деді Абай ауданының құрметті азаматы Мұрат Әлин.
Абай тойында мәдени шаралар мен ғылыми жиындардан бөлек ел дамуына ерекше серпін берер жобалар көп. Семей қаласы мен Абай ауданында көшелер көркейіп, тарихи ескерткіштер қайта жаңғыртылмақшы. Жаңадан саябақтар ашылады деген жоспар бар.