Жәбірленуші екеуінің арасына емхана қызметкерлері араша түспегенде, ер адам өзін ұрып-соғуы мүмкін болғанын айтты.
фото: Рixabay/Cparks
ERNUR.KZ. Абай облысында ер адам жүкті әйелге дөрекілік көрсеткен, деп жазады sputnik.kz.
Әлеуметтік желіде тараған оқиға️ Семей қаласындағы тіс емханасында болған.
Дәрігер қабылдауын күтіп отырған жүкті әйелдің айтуынша, ер адам кезексіз өтпек болған. Ол өзіне қарсылық білдірген әйелді балағаттаған. Әйел оның осы әрекетін телефонға түсірмек болғанда, ер адам оның ұялы телефонын күш қолданып жұлып алған.
Жәбірленуші екеуінің арасына емхана қызметкерлері араша түспегенде, ер адам өзін ұрып-соғуы мүмкін болғанын айтты.
Ол полиция шақырып, арыз жазған. Алайда оның сөзінше, күш қолданған адамнан тек түсініктеме алынған.
Ал полициядағылар ер адамның ұсталғанын айтады.
"Жүкті әйелге қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Алдын ала анықталғандай, кезекке байланысты туындаған жанжал барысында ер адам жүкті әйелге дөрекі сөздер айтып, оның ұялы телефонын тартып алған", - дейді Абай облыстық полиция департаменті.
Ер адамға қатысты бұзақылық фактісі бойынша материал сотқа жолданып, заң бойынша жауапкершілікке тартылады, деді полицияда.


